Жыл басынан бері «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен 2 122 текше метр, яғни, 1 мың 379 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Әсіресе туристер көп келетін жаз маусымында Ұлттық паркте санитарлық тазалау жұмысы қыза түсті. Мәселен, көлдердің жағалауынан, адамдар көп жиналатын жерлерден маусым айында – 216 тоннаға жуық, шілдеде – 512 тоннадан артық, тамызда – 301 тоннадан астам қоқыс жиналды.
– Санитарлық тазарту жұмысы күн сайын жүргізіледі. Жұмыс күні қоқыс үш рет (сағат 6.00, 12.00, 19.00-де), демалыс пен мереке күндері төрт рет (сағат 6.00, 12.00, 15.00, 19.00-де) шығарылады, – дейді парк директоры Сергей Быков.
Ұлттық саябақ аумағына қоқыс жинайтын 60 контейнер қойылған. Оның 30-ы Бурабай көлінің жағалауында. Одан бөлек ұсақ қалдықтарды салатын 100 жәшік бар. Курортта барлығы 31 қоғамдық санитариялық торап жұмыс істеп тұр.