Барлық құрылыс жұмыстары мен медициналық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталды.Қазіргі уақытта диагностикалық кешендерді реттеу және калибрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҚР ПІБ Медициналық орталығының 200 орынға шақталған жаңа емдеу корпусын тамыздың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Медициналық орталық ауруханасының жаңа блогы ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес салынған және келесі бағыттар бойынша терапевтік қызмет көрсетуге мамандандырылған: пульмонология және нефрология, гастроэнтерология және эндокринология, неврология, ревматология және кардиология. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационар, интенсивті терапия блогы, инсульт, миокард инфарктісі, кардиохирургия, нейрохирургия және ортопедиялық операциялардан кейінгі науқастарды оңалту блогы орналасады.
«Осылайша, МОА базасында 200 терапевтік және 200 хирургиялық орынмен қамтылған көпбейінді стационар жасақталып жатыр. Бұл науқастарды қабылдау мен медициналық көмек көрсетуді екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа ғимарат пайдалануға берілсе, біз жылына 16 мың адамға дейін қызмет көрсетіп, пациенттердің мұқтаждығын қанағаттандыра аламыз»,- дейді ҚР ПІБ Медицина орталығы ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева.
Жаңа корпустың диагностикалық базасы жоғары санатты эксклюзивті технологиялардан тұрады. Мұндай заманауи озық қондырғылардың Қазақстанда, кейбірінің ТМД- да баламасы жоқ.
«Мәселен, минутына 640 кесінді жасайтын және тіннің әрбір миллиметріне дейін зерттеуге мүмкіндік бере отырып, дәлме-дәл нәтиже көрсететін компьютерлік томограф орнатылды. Бұл құралдың әзірге Қазақстанда баламасы жоқ. Ал, бұрынғы қолданыстағы томограф әрі кетсе минутына 256 кескін жасайтын. Томосинтез функциясы бар маммограф болса, сүт безінің қатерсіз ісігін қатерлі ісіктен ажыратуға мүмкіндік береді. Тағы бір ерекше зерттеу – бастапқы лимфа түйіндерін радиоактивті түрде анықтау әдісі. Бұл қатерлі ісікке шалдыққан әйелдерге жасалатын операцияның жеңіл өтуіне көмектеседі. Бұдан өзге де өзгеше аппараттар баршылық. Ұстамалары бар науқастарды күнделікті нейрофизиологиялық зерттеу - эпилепсияның себебін диагностикалайды және ұстама ауруының дендеуіне түрткі болатын ми қыртыстарын анықтайды. Бұның барлығы біздің аурухананың диагностикалық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, ең қиын ауруларды анықтауға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті Раушан Қарабаева.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының жаңа блогы білікті дәрігерлермен 100% қамтамасыз етілген. Диагностикалық жабдықтарды пайдаланатын мамандар алдын ала таңдалып, алыс-жақын шетелдердің үздік емханаларында тәжірибеден өтті.