Кеше түнде, сағат 23.30-да Президент Іс басқармасына қарасты Smart Burabay мониторинг жүйесі Көкше тауындағы (Синюха) өртті тіркеді.
ПІБ диспетчерлері өрттің нақты координаттарын шұғыл анықтап, оларды Бурабай ұлттық паркінің инспекторларына хабар берді.
Таудың басына көтерілу үшін Бурабай орман шаруашылығының қызметкерлеріне бір сағат уақыт қажет болды. Себебі, Көкше тауына күндізгі уақытта да көтерілу қиын, ал түнде тіпті тастарға жанасып шығуға тура келді.
Өрт толығымен дер кезінде ауыздықталды.
Өртке себепші болған жандар түнгі алауды жақсы көретін Бурабай курортының үш қонағы болып шықты. Қазақстан Республикасының ормандарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін енді оларға 306 300 теңге айыппұл төлеуге тура келеді (367-бап, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 3-бөлігі - 100 АЕК). Егер айыппұл бір апта ішінде төленсе, онда бұл соманың жартысы қысқарады.
Топ жетекшісі, орман шебері Сергей Шидловскийдің айтуы бойынша, жартастағы от сөндірілгеннен кейін де қауіпті болуы мүмкін. Себебі, шоқтар тастардан құлап, бықсып, бірнеше күннен кейін желдің әсерінен қайта жану қаупі бар.
Smart National Park Burabay жүйесі 2020 жылдың 1 желтоқсанында енгізілді. Ол автоматты түрде Бурабай ұлттық паркінің барлық аумағының көкжиегін бақылай алады. Бұл дегеніміз, 129 мың гектардан астам қорық.
Оның жұмыс принципі медициналық томографқа ұқсайды: камера шеңбер бойымен қозғалып, әр айналымда көптеген фотосуреттер түсіреді, содан кейін қауіпті жерлерді қызыл контурмен белгілеп, жедел басқару орталығының пультіне сигнал береді. Бұл жұмыс онлайн режимде жүргізіледі.
Орталық операторы келіп түскен кадрмен егжей-тегжейлі жұмыс істейді: кадрды жақындатып, қауіптілік дәрежесін талдайды, нақты координаттарды анықтайды. Одан кейінгі іс-қимылдар туралы шешім қабылдайды. Егер суретте өрт тұтанған болса, Smart-жүйемен дәл көрсетілген орынға Бурабай ұлттық паркінің өрт сөндіру бригадасын жібереді.
Осы заманауи ақпараттық жүйе көмегімен жұмыстың бірінші жылында өрттен келтірілген залал 16 есе азайды. 2020 жылы өрттің орташа ауданы 84 га құрады, дер кезінде әрекет ету уақыты - 30 минут. 2021 жылы цифрлық технологиялардың арқасында өрт аумағы алты есеге, дер кезінде әрекет ету уақыты 10 минутқа дейін қысқарды.
Жүйе өрттерді ғана емес, сонымен қатар ұлттық парктегі басқа да қауіпті құқық бұзушылықтарды тіркейді.
Бүгінде біз бұл жобаның мүмкіндіктерін кеңейткіміз келеді және күзет аймағын мониторингтеу үшін ұялы байланыс операторларының мұнараларына біздің камераларды орнатуды қарастыру өтінішімен аудандық әкімдіктерге хаттар жолдадық.
“Бурабай” ұлттық паркі – ерекше қорғалатын аумақтардың табиғи байлығын сақтау үшін сандық мониторинг жүйесін табысты пайдаланатын елдегі жалғыз саябақ. Ұлттық парк мамандары өз тәжірибелерімен әріптестетерімен қашан да бөлісуге дайын.