Басты бет«Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ», - Айбек Дәдебаев талқандалған резиденцияны бұзу себептер...

«Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ», - Айбек Дәдебаев талқандалған резиденцияны бұзу себептері туралы «Жөндеуге келмейді» фильмінде егжей-тегжейлі айтты


 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев «Жөндеуге келмейді» деректі жобасының авторлары қойған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді. Мынау сол сұхбатта айтылған бірнеше негізгі сәттер:

 

- Қарағанды Көпбейінді қайта құру және даму институтының техникалық қорытындысына сәйкес Резиденцияның негізгі ғимаратының жай-күйі пайдалануға шектеулі жарамды ретінде үшінші санатқа жатқызылып отыр.

 

- Резиденция бір қарағанда аса байқалмағанмен, әлдеқайда қирағаны көрініп тұр. Өрт ғимараттың барлық қабатына таралып, тірек конструкцияларына зор зақым келтірген. Түсінікті болуы үшін бір ғана мысал келтірейін: ғимараттың төбесінде мықты болат арқалықтар бар (орысша айтқанда балкалар). Жойқын өрттің салдарынан осы үлкен конструкциялардың пішіні өзгерген, майысып, қисайған.

Бұдан бөлек, өрт салдарынан барлық жиһаз, іс ұйымдастыру техникасы, инженерлік коммуникациялар мен жабдықтар жарамсыз күйге келген, орынжайларға ыстың иісі сіңіп қалған. Ғимарат адамдар үшін өте қауіпті болып саналады.    

 

- Алдын ала есептеу бойынша ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстарының (жобалау, интерьерлерді, инженерлік жүйелерді күрделі жөндеу, жиһаз-жабдықпен, іс ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз ету) құны 30 млрд теңгеден асады.

Бұған қоса өзгерген нормативтік базаны ескеретін болсақ, сейсмикалық күшейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды да жүргізу қажет.

Ғимаратты қайта қалпына келтіргенмен, ол әрі кеткенде жиырма жылдан артық қызмет етпейді. Бұл – сарапшы мамандардың пікірі. Сондай-ақ жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен ол ғимаратты күтіп ұстау, қызмет көрсету және материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстарын жүргізу қажет болады. Елдегі және бүкіл әлемдегі қазіргі экономикалық ахуалдың қандай екенін өзіңіз жақсы біліп отырсыз. Бұл ретте барлық шығындар ақылға қонымды болуы керек.

 

- Резиденцияның орнына адамдардың серуендеуіне ыңғайлы, ашық кеңістік секілді саябақ жасалатын болады. Іс Басқармасының міндеті – ғимаратты бұзып, оның орнында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу. Осы жұмыстар аяқталысымен жер учаскесі Алматы қаласының әкімдігіне берілетін болады.

 

- Әрине, Мемлекет Басшысына оны бұзу туралы шешім қабылдау оңай болған жоқ. Алматылық ретінде бұл тарихи ғимараттың жоғалып кететінін ұғыну маған да ауыр. Ғимарат туралы ойласам өмір жолымның әр кезеңін еске аламын. Бәрінен ауыры, қазір өзіндік тарихы бар ескерткішті бұзуға жауапты болуым. Алайда, әрқайсымыз үшін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бәрінен маңызды. Мемлекет басшысының бұл жер қала тұрғындарына ыңғайлы әрі қолжетімді болуы керек деген шешімін толықтай қолдаймын. Бұл – біздің тарихымыз бен жадымыз.

 

«Жөндеуге келмейді» фильмін Президент Телерадиокешенінің шығармашылық тобы дайындады.