Президенттің қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде талқандалып, өртелген Алматы қаласындағы резиденциясы бұзылатын болады. Оның орнына саябақ құрылады. Мұндай шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.
Тарихи ғимаратқа 2022 жылғы 5-6 қаңтарда өте қатты залал келтірілген. Бүлікшілердің алып кірген автомобильдері жарылып, бірінші қабаты өртке оранған. Өрт жоғары шарпып, үстіңгі қабаттардағы болат құрылымдар мен шатырдың тірек құрылымдарын ерітіп жіберген. Тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйесі жойылған.
Бұл ғимарат сонау кеңестік жылдары В.И. Лениннің кешенді музейі ретінде салынған болатын. 1986 жылы құрылыс тоқтатылған, ол кезде объектінің 90% салынып біткен еді.
Жеті жыл өткен соң, яғни 1993 жылы құрылыс қайта жанданды, бірақ ғимараттың мәні өзгерді: оның құрылысы Қазақстан Президентінің резиденциясы ретінде жалғасты. Құрылысты аяқтау уақыты 1995 жыл деп белгіленді.
Астана көшірілгеннен кейін ғимарат резиденция мәртебесін сақтап қалды, ал 2000 жылы резиденция кешені Қазақстанның республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіліміне енгізілді.